«Жануарлардың дауласуы»
Одесса орта мектебінің «Қазақ тілі үйірмесінде» 5-6 сынып оқушыларымен бірге үйірме жетекшісі А.Қ.Сакенова қуыршақ театрымен жұмыс атқарады. Жаңа Жылдың келуіне орай, мектептің қуыршақ театры «Жануарлардың дауласуы» атты көрініс көрсетті. Осы көрініс қазақтың ертегісі бойынша жазылған сценарий болды. Көріністе жануарлардың күнді кім бірінші болып көретіні және қай жануардың аты жылдың бірінші болып аталытыны туралы дау.
Бірінші жыл кімге тиесілі деген мәселе бойынша жануарлар ұзақ дауласты.
Сиыр айтты:
- Мен адамға сүт, ет, тері беремін. Бірінші жылды иеленуге менің толығымен құқым бар.
- Сен бергеннің бәрін мен де беремін, - деп жауап берді оған жылқы. Және оған қосымша, адам мені мініп жүреді.
- Алайда сен – нәп-нәзіксің ғой! – деді түйе атқа қарап. – Сенің күшіңді менің күшіммен теңдестіру мүмкін бе? Менің жүгімнің жартысын сенің арқаңа салайықшы, сен жалп етіп құлайсың да, ыңырсып қоя бересің. Асқа да сен сырбаздана қарайсың. Саған жақсы пішен, сұлы беру керек, бұлақ суымен суару қажет. Ал мен тікенек жеймін, бірнеше күн су ішпей жүре алам. Менің сүтім қандай дәмді, ал етім тамаққа жарамды және терім мықты.
Бірақ осы кезде мүйізімен, қатты маңдайымен бәрін сүзгілей итермелеп, ортаға қой шыға келді де, айқай салды.
- Ал жарайды, егер мен болмасам ше? Қандай сондай жүннен қай қазақ киіз басып, киіз үйін жауып ала алар еді? Менің терімнен жып-жылы, тамаша тон тігуге болады. Семіз қой етінен өткен нәрлі де дәмді ас жоқ. Мен адамға сүт пен ірімшікті де берем. Бірінші жыл менікі!
Барлығы да іштей қой уәжінің дұрыстығын сезіп, үндемей қалды.
Бірақ осы кезде алға ит шықты.
- Қой босқа сандалып тұр. Егер мен болмасам, оны қасқырлар баяғыда-ақ сүйегімен қоса жұтып-жеп қойған болар еді.
Дау-дамай ұзаққа созылды, түннің бейуағына дейін пікір таластырылды. Тек тышқан ғана үндемей отырды. Ақыры бір кезде бәрі шаршады, түйе түгіл, тіпті әтештің өзі сыбырымен ғана үн қата бастады. Сол кезде тышқан сөз алып, ұсыныс айтты:
- Кімде-кім күннің шығып келе жатқанын бірінші болып көрсе, жылдың басын сол алсын.
Бәрі қуанып кетті, әсіресе түйе шат. Ол өзінің бойына сеніп тұрған.
Міне, ақырында бәрі де шығысқа бет бұрды, сөйтіп күте бастады. Тышқан түйенің қатарына келіп тұрды. Түйе мойнын төмен иіп, бойының биіктігі өзінің қалың табанынан аспай, жарбиып тұрған тышқанға көзін дөңгеленте қарады да:
- Сен кішкентай ақымақ тышқан, күнді шынымен бірінші болып көремін деп тұрмысың? – деп мысқылдай күлімсіреді. Тышқан аспай-саспай:
- Кешкіліктен гөрі ертеңгілік ақылдырақ, - деп жауап берді.
Түйе бойын мақтанышпен тіктеді де, мақтанып:
- Мен бәріңнен биікпін, демек күннің шығуын тап осы тізіліп тұрған баршаңнан бұрын көремін! – деді.
Таң сібірлеп атар алдында жануарлардың бәрі көкжиекке үңіліп жіті қарай бастады. Сонда бір кезде бәрінен бұрін тышқанның жүрекжарды айқайы шықты:
- Күн! Күн! Күн шықты!
Мәселені түйе тек осы кезде ғана түсінді: қу тышқан оның қалың түбітті ұзын жүні үстімен ақырын өрмелеп, білдірмей өркешіне шығып алыпты, күннің ұясынан көтеріле бастағанын басқалардан бұрын көріп, айқайға сол жақтан басып тұр екен.
Бірінші жыл тышқанға берілді. Ол осылай жыл басы болды.
Ал ашықауыз түйе жылдан мүлдем құр қалды.